80 пайызға жуық. ШҚО-да қазақ ұлтының үлес салмағы күрт көбейіп келеді
Біздің облыста бала туу көрсеткіші бұрынғыдан артты. Табиғи өсім бар.
Ұлттық статистика департаментінің ақпараты бойынша, былтыр 22 543 нәресте дүниеге келді. 16 655 адам қайтыс болды. Яғни, табиғи өсім – 5 888 адам. Бұл алдыңғы жылдан 2,7% көп.
– Жаңа туған қазақтардың үлес салмағы – 77%, орыстар – 20%, немістер мен татарлар 1%-дан. Дүниеге келген нәрестелердің 51,8%-ы ұл, 48,2%-ы қыз. Жалпы облыста, биылғы есеп бойынша, 1 363 656 адам тіркелді, – дейді әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ольга Манохина.
Оның айтуы бойынша, бала туу көрсеткіші Абай, Зайсан, Көкпекті, Ұлан және Шемонаиха аудандарында, алдыңғы жылмен салыстырғанда, төмендегені байқалды.
– Риддер қаласы, Глубокое, Шемонаиха және Алтай аудандарында халық саны табиғи кеміді. Басқа өңірлерде, соның ішінде жоғарыдағы бала туу көрсеткіші төмендеді деген аудандарда да, табиғи өсім бар, – дейді Манохина.
Оның айтуынша, қайтыс болғандар санының 52,7%-ы – ерлер, 47,3%-ы – әйелдер. Қайтыс болғандар арасында орыстардың үлесі 50%, қазақтар – 40%, татарлар – 1,8% және немістер – 1,6%.