Биыл мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы көбейеді
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіледі. 2025 жылы осы санаттағы азаматтарға жалпы 746 млрд теңге көлемінде төлем жасалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оның ішінде:
655,7 млрд теңге – мемлекеттік жәрдемақылар,
90,3 млрд теңге – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленген әлеуметтік төлемдер.
2025 жылы мүгедектік бойынша жәрдемақыны 553,9 мың адам алған. Төлем мөлшері азаматтың мүгедектік тобына және күнкөріс минимумына байланысты белгіленеді. Былтыр мүгедектік бойынша жәрдемақы 55 474 теңгеден 101 702 теңгеге дейін болды.
Асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы да күнкөріс минимумына және отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі. 2025 жылы бұл төлемнің ең жоғары мөлшері 138 684 теңгені құрады.
2026 жылдан бастап күнкөріс минимумы 50 851 теңгеге өсіп, осыған байланысты жәрдемақылар 10 пайызға артты. Енді мүгедектігі бар азаматтар үшін төлем мөлшері мынадай болады:
1-топ – 111 872 теңге,
2-топ – 89 497 теңге,
3-топ – 61 021 теңге.
Ал асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы 46 мың теңгеден 152 553 теңгеге дейін жетеді.
Бұл өзгерістер халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрмысын жақсартуға және мемлекет қолдауын күшейтуге бағытталған.