KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

ЖИ және ұстаз: өңірде үздік сабақтар байқауы өтті

27.01.2026, 13:30 77 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан облысында педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған «Жасанды интеллектіні қолдана отырып өткізілген үздік сабақ» атты облыстық байқау қорытындыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Байқау 2025-2028 жылдарға арналған «Жалпы орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні дамыту және қолдану» жол картасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараны 5-26 қаңтар аралығында Шығыс Қазақстан өңірлік «Örken» білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы өткізді.

Облыс көлемінде өткен сайысқа 66 педагог қатысып, авторлық сабақтарын ұсынды. Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды жан-жақты сараптап, әр бағыт бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарды анықтады.

- Жасанды интеллект білім саласында мұғалімнің көмекшісіне айналып отыр. Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейінде жаңа технология оқу процесін жоспарлауға, сабақ мазмұнын жаңартуға, оқушылардың білім деңгейіне қарай тапсырмаларды саралап ұсынуға өте жақсы мүмкіндік береді. Жасанды интеллект барлық білім саласында өзекті болғандықтан, біздің лицейде де ерекше маңызға ие, - дейді математика және информатика пәндері бағыты бойынша І орынды иеленген Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің мұғалімі Назерке Оралбекова. 

Бастауыш сынып мұғалімдері бағыты бойынша байқауда Күршім, Алтай, Өскемен қалалары мен Үлкен Нарын ауданының педагогтері жүлделі орындарға ие болды. Гуманитарлық пәндер бағыты бойынша Алтай қаласы, Риддер қаласы және дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарының мұғалімдері үздік деп танылды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтер арасында Өскемен қаласы, Шемонаиха және Тарбағатай аудандарының ұстаздары жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жаратылыстану-ғылыми пәндер бағыты бойынша Өскемен қаласы мен Глубокое ауданының, сондай-ақ облыстық мамандандырылған IT мектеп-лицейінің педагогтері жүлделі орындарды иеленді.

- Байқауда жасанды интеллектіні қосымша құрал ретінде емес, сабақтың мазмұнын ашатын негізгі әдістемелік құрал деңгейінде қолдандым. Балалар тапсырмалар орындап, жедел кері байланыс алып, өз білімін талдау мүмкіндігіне ие болды. Тек дайын ақпаратты қабылдаушы емес, дайындаушы, талдаушы, сарапшы, шешім қабылдаушы тұлға ретінде қалыптасуына көп көмектеседі, - дейді Назерке Оралбекқызы. 

Эстетикалық және технологиялық цикл пәндері бойынша Алтай қаласы, Өскемен қаласы және Үлкен Нарын ауданының мұғалімдері үздік нәтижелер көрсетті. Математика және информатика пәндері бағыты бойынша Өскемен қаласы мен Алтай қаласының, сондай-ақ облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарының педагогтері жоғары нәтиже танытты.

Қосымша білім беру педагогтері арасында Алтай қаласы, Үлкен Нарын және Глубокое аудандарының ұстаздары байқау жеңімпаздары атанды.

Фото: ШҚО білім басқармасы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу