Орман алқабында адасып кеткен әже табылды – ШҚО
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО-да орман алқабында адасып кеткен 83 жастағы әже полиция қызметкерлерінің көмегімен табылды.
2 қыркүйек күні кешке Самар аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне қыз бала жүгініп, 83 жастағы әжесін іздеуге көмек сұраған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оның айтуынша, туыстарымен орманға саңырауқұлақ теру үшін барған.
Өз беттерінше іздеу жұмыстары еш нәтиже бермегендіктен полицияға жүгінуге мәжбүр болыпты.
"Тәртіп сақшылары іс-қимыл жоспарын құрып, орман алқабында іздеу жұмыстарына кірісті. Осылайша, бір сағат ішінде зейнеткер аман-есен табылды", дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.