Риддерде жоғалып кеткен 10 жастағы қыз табылды
Риддерде жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қыз аман-есен табылды.
11 тамыз күні сағат 21:56 шамасында Риддер қалалық полиция бөліміне 31 жастағы әйел адам жүгініп, көмек сұраған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әйел адамның айтуынша, 10 жасар қызы сағат 18:00 шамасында үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған.
Өз бетінше іздеп, еш нәтиже болмағандықтан қыздың анасы тәртіп сақшыларынан көмек сұрауға мәжбүр болған көрінеді. Қыз баланы іздеу жұмыстарына қалалық полиция бөлімінің жеке құрамы бағытталды.
Іздеу шаралары барысында кәмелетке толмаған бала таңертең табылып, туыстарына қайтарылды. Белгілі болғандай, қыз ата-анасына ескертпестен жалғыз серуендеуге шығып кеткен. Оны табуға қала тұрғыны мен қыздың ата-анасының таныстары көмектесті. Әйел адам алдымен қызды өзіне шақырып алып, артынша туыстарына оның орналасқан жері туралы хабар берген.