KZ
Өскемен
-12°
туман Штиль
498.34 519.72 4.85

Азия чемпионаты. Қазақстан құрамасы Қытайдан жеңіліп қалды

22.08.2019, 10:14 155

Волейболдан Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өтіп жатқан Азия біріншілігінде өнер көрсетуін жалғастыруда.

Еске салайық, шымылдықашар ойында Австралия құрамасымен кездескен қыздарымыз қарсыласын 3:0 (партиялардағы нәтиже 25:19, 25:20, 25:21) есебімен тізе бүктірген болатын. Бұдан кейін отандастарымыз үндістандық волейболшылармен шеберлік байқасып, бұл матчты да өз пайдасына аяқтады. Есеп 3:1 (21:25, 25:16, 25:19, 25:18). Алайда, Жапония құрамасына қауқар көрсете алмады. Үш партияға созылған кездесудің нәтижесі 0:3 (19:25, 20:25, 21:25).

Жарыстың екінші айналымын Қытай құрамасына қарсы ойынмен бастаған қазақстандық волейболшылар бұл матчта да ұпайдан қағылды. Бүгін өткен кездесу 0:3 (23:25, 12:25, 15:25) есебімен қытайық команда пайдасына аяқталды.

Ертең түркиялық бапкер Нежат Санжак шәкірттері әлі бірде-бір ұпайға қол жеткізбеген Индонезия құрамасына қарсылас атанбақ.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында өскемендік «Алтай» клубының алты волейболшысы өнер көрсетуде. Өкінішке қарай, олардың ішінде құраманың беткеұстар ойыншысы Сана Анарқұлова жоқ. «Алтайдың» капитаны жарыс алдында өткен оқу-жаттығу жиындары кезінде жарақат алып, соның кесірінен құрлықтық додаға қатысу мүмкіндігінен айырылған-ды.

25 тамыз күні аяқталатын биылғы Азия біріншілігіне 13 елдің құрамасы қатысып жатқанын айтқан абзал. Жарыс қорытындысы бойынша алғашқы сегіздікке енген командалар келер жылдың басында өтетін тағы бір құрлықтық додаға қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Ол сында Токио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынуы тиіс.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу