Семейде шектеу шаралары жалғасады - № 14 қаулы
Соңғы 7 күн ішінде сырқаттанушылықтың өсу деңгейі облыс бойынша 4,1% Семей қаласы бойынша -4,7% құраған.
Осыған орай, ШҚО-ның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Марат Исмаиловтың облыс халқы арасында COVID-19 туындаған коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың алдын алу жөніндегі одан арғы шаралар туралы № 14 қаулысы шықты.
Қаулының Семей қаласының әкімі деген бөлігінде:
1) азық - түлік сатпайтын сауда объектілерінің жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін және азық-түлік тауарларын сататын сауда объектілерінің жұмыс уақыты сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін қысқартылсын;
2) алаңы 2000 шаршы метрден асатын азық-түлік сатпайтын тауарлармен көтерме, көтерме-бөлшек және (немесе) бөлшек сауда объектілері, ірі сауда объектілері мен кешендері, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері үшін тыйым салу сақталсын;
3) әмбебап және азық-түлік сатпайтын базарлардың жұмыс уақыты сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін қысқартылсын;
4) кинотеатрлар (кинозалдар) мен театрлар үшін отыратын орындарды 50% - дан аспайтын мөлшерде толтыру жөніндегі шектеулер сақталынсын;
5) қоғамдық моншалардың, сауналардың қызметінің жұмыс уақыты сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін қысқартылсын;
6) қоғамдық тамақтандыру объектілері үшін сондай-ақ ашық алаңдарда жалпы жобалық сыйымдылығының 50% - нан аспайтын мөлшерде келушілермен толуы және бір мезгілде болуы бойынша шектеулер сақталынсын.
Бұл ретте үстелдердің шеткі орындары арасында, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақталсын және санитариялық-дезинфекциялық режим күшейтілсін, адамдар көп жиналатын ұжымдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынсын;
7) барлық меншік нысанындағы спорт объектілерінде (фитнес клубтар, тренажер залдары, спорт кешендері) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, жұмыс уақыты сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін қысқартылсын;
8) түнгі клубтар (дискотекалар), барлар, караоке, кальян тарту орындарының жұмыс істеуіне тыйым салу сақталсын;
9) санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтай отырып, кезекті алдын ала брондау шартымен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін қысқартылсын;
10) санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын, дұға ету және басқа да әдет-ғұрып залдарының сыйымдылығын 50% - дан асырмай толтырылуын сақтай отырып, діни бірлестіктер мен діни құлшылық ету объектілерінің қызметіне шектеу қойылсын, барлық жағынан адамдар арасында кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) дұға жасау мүмкіндігі ұйымдастырылсын;
- Халықтың елді мекендерде, саяжай алаптарында, қоғамдық көлікте, адамдар көп жиналатын орындарда жүріп-тұру кезінде және үйден (пәтерден) шыққан сайын маскалық режимді және бір отбасы мүшелерін қоспағанда, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауына бақылау күшейтілсін;
- Күн сайын қаланың сырқаттанушылық деңгейі жоғары аудандарында қоғамдық орындарға, іргелес аумақтарға, сауда объектілеріне, қоғамдық көлік аялдамаларына (күніне екі реттен кем емес), жер асты, жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдеріне, балалар және спорт алаңдарына, орындықтар мен орындықтарға, банкоматтарға, POS-терминалдарға жалпы дезинфекция жүргізілсін делінген.