Өскемендіктер электр энергиясын өшіру туралы SMS-хабарлама алмайтын болды
Өскемендіктерге енді электр энергиясын өшіру туралы SMS-хабарламалар келмейтін болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы «Шығысэнерготрейд» ЖШС мәлім етті.
Электр энергиясының төлемі бойынша қарыздар болған жағдайда оны өшіру туралы абоненттерге арнайы SMS арқылы хабар берілетін. Енді мұндай хабарламалар тоқтатылды.
- Ұялы байланыс операторларының «SMS-хабарлама» қызметін көрсетуден бас тартуына байланысты (16 наурыздан бастап - Beeline, 1 сәуірден бастап - Теле 2/Алтел) уақытша тоқтатылады. Қызметтің қайта іске қосылуы туралы қосымша хабар беріледі, - деп мәлімдеді компания.
Осы орайда «Шығысэнерготрейд» ЖШС тұтынушыларынан қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды.