«Ауыл» партиясы фракциясында Конституцияның жаңа жобасы талқыланды
Бүгін «Ауыл» партиясы Ата заңның жаңа жобасы және оған енгізіліп отырған өзгерістерді жақтастарымен бірге жан-жақты талқылады. Партия төрағасы Серік Егізбаев Конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, депутаттарды ұсынылып отырған жобаға мұқият қарауға шақырды. Сондай-ақ, қоғамда таралуы мүмкін шындыққа жанаспайтын арандатушылық ақпараттарға ермей, тек ресми құжатқа сүйене отырып, сындарлы көзқарас қалыптастырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғыруға бағытталған бастамалары аясында әзірленген. Конституция жобасының жаңа редакциясында преамбула, 11 бөлім және 95 бап қамтылған. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалып, бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім негізгі мемлекеттік құндылықтар ретінде бекітілген.
Сонымен қатар, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияларды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде белгіленіп, цифрлық құқықтарды қорғау, саяси институттарды жаңғырту секілді жаңа нормалар енгізілген. Бұл өзгерістер елдің құқықтық жүйесін заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.
Фракция депутаттары Конституцияның жаңа жобасын бірауыздан қолдап, оның құқықтық мемлекетті нығайту мен елдің орнықты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
Жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады. Қазіргі уақытта Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда.




