TikTok-тағы “емші” – темір тордың ар жағында
Астана тұрғыны TikTok желісінде өзін «емші», «экстрасенс» ретінде таныстырып, адамдардың әлсіз сәтін табыс көзіне айналдырған. Әлеуметтік желілер арқылы жәбірленушілердің денсаулығына қатысты мәселелері барын білген ол, өзін ерекше қабілетке ие тұлға ретінде көрсетіп, ақылы «емдеу» қызметін ұсынған, деп хабарлайды Altainews.kz елдің Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Нәтижесінде үш адам жалған емге сеніп, алаяқтың қолына 5,5 миллион теңгеден астам қаржысын берген. Алайда бұл қаражат емге емес, букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы кінәні дәлелдейтін барлық айғақтарды ұсынды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды тек ішінара өтеген.
Сот үкімімен ол 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура әлеуметтік желідегі «емдеймін», «сиқырлаймын», «көмектесемін» деген күмәнді уәделер – көбіне алаяқтықтың бүркемесі екендігін ескертеді. Сенім – ем емес. Мұндай фактілерге тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Есіңізде болсын, TikTok және басқа әлеуметтік желідегі «емші», өмірде алаяқ болуы әбден мүмкін.