Премьер-министр жаңа Ата заң жобасын халыққа кеңінен түсіндіру қажеттігін жеткізді
Олжас Бектенов жаңа Конституция жобасын талқылау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша кеңес өткізді. Жиынға Үкімет мүшелері мен өңір әкімдері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Премьер-министр барлық деңгейдегі министрліктер мен әкімдіктерге жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жалған әрі бұрмаланған ақпараттармен күресуге баса назар аударылды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын арандатушылық сипаттағы жарияланымдар тіркелуде. Ішкі істер министрлігіне «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес, жалған мәліметтерді таратқаны үшін қатаң құқықтық әрекет және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.



