ШҚ Өнер музейінде көрме ашылды. Қандай? (ФОТОРЕПОРТАЖ)
ШҚ Өнер музейінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ғасырларды тоғыстырған даналық» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.
Иә, 22 қаңтардан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың ашылу рәсімі өтті. Осыған байланысты ШҚ Өнер музейі ақынның мерейтойына орай көрме ашты.
- Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрмеде сіздер әр түрлі жанрдағы туындыларды тамашалайсыздар. Оның ішінде, портрет те бар, пейзаж да бар, тақырыптық суреттер де бар. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылған көрме арқылы, біз өскелең ұрпаққа дана Абайдың шығармашылығын барынша кеңінен таныстырсақ па дейміз, - дейді ШҚ Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.
Көрмеде үздік қылқалам шеберлерінің Абай жайлы сыр шертетін «Абай», «Күз», «Абай. Шыңғыстау жайлауы», «Бала Абай», «Абай және Семейге оқуға келген балалары», «Абайдың портреті» сынды туындылары ұсынылған.
- Осындай ерекше көрмеге келіп, челленджге қатысқаныма өте қуаныштымын. Әр туынды өзінше ерекше. Осындай көрмелерден біз рухани азық аламыз, - дейді оқушы Қуандық Бұлғын.
Көрменің ашылу салтанатына жиылған көпшілік туындыларға қатысты ой-пікірлерін айтып, арнайы челленджге қатысты. Сондай-ақ, музейге келушілер Абайдың өлеңін оқып, әнін шырқады.