«Торпедо» 2019 жылды жеңіспен аяқтады
«Торпедо» 2019 жылды ірі жеңіспен аяқтады. Кеше кешке өз айдынында самаралық «ЦСК ВВС» командасын қабылдаған өскемендік ұжым қарсыласының қақпасына жауапсыз сегіз шайба соғып, Борис Александров атындағы спорт сарайына жиналған жанкүйерлеріне тамаша мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұл ойында «Торпедо» айтарлықтай басымдыққа ие болса да, кездесудегі алғашқы шайба бірінші кезеңнің аяқталуына бес минут қалғанда ғана соғылды. Араға екі минут салып есеп еселенді. Айта кетейік, екі шайба да команда капитаны Александр Шинның еншісіне жазылды. Үзіліске дейін қонақтар қақпасының торында тағы бір шайба тулады. Оның авторы шабуылшы Дмитрий Гренц болды.
Екінші кезеңде торпедолықтар қарқынын тіптен үдете түсті. Нәтижесінде Стас Петросян, Денис Игнашин, Иван Исаев пен Герман Шапоревтің көмегімен таблодағы есеп 7:0-ге жетті.
Ал матчтың 58-ші минутында әбден есеңгіреген самаралық команданың қақпасына соңғы шайба соғылды. Ойынның нүктесін қойған шабуылшы Никита Сироткин болды. Қорытынды есеп 8:0! Бұл «Торпедоның» биылғы маусымдағы ең ірі жеңісі болғанын айту керек.
Осы жеңісінен кейін 46 ұпай жинаған өскемендік команда турнир кестесінің тоғызыншы орнында орналасуда. Келесі кездесуін жерлестеріміз алдағы жылдың 7 қаңтарында өткізеді. Ташкентте өтетін аталған ойында Алексей Ждахин шәкірттеріне жергілікті «Хумо» хоккейшілері қарсылас атанбақ.