«Торпедо» қатарынан төртінші ойында жеңіске жетті
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 38-ші турында өз айдынында Тольяттидің «Ладасын» қабылдаған «Торпедо» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, жеңісті сериясын жалғастырды.
Өскемендік ұжым осымен төртінші ойында жеңіске жетті. Қазір турнир кестесінің тоғызыншы орнында орналасқан «Торпедоның» қоржынында 44 ұпай бар. Естеріңізге салайық, бұған дейін жерлестеріміз бейжіңдік «КРС-БСУ» (6:1), цзилиньдік «Ценг Тоу» (3:2) мен пензалық «Дизель» (4:3) командаларын тізе бүктірген еді.
Бұл жолғы ойында да есепті өскемендік хоккейшілер ашты. Кездесудің төртінші минутында көзге түскен шабуылшы Никита Сироткин болды. Келесі шайбаны Б.Александров атындағы спорт сарайына жиналған жанкүйерлер тура 50 минут күтті. Матчтың негізгі уақытының аяқталуына шамамен алты минут қалғанда Евгений Рымарев есепті еселеді. Араға бір минут салып қонақтар есеп айырмасын қысқартқанымен, ойынның нүктесін «Торпедо» хоккейшісі қойды. Нәтижелі соққы шабуылшы Сергей Шестаковтың еншісіне жазылды.
Келесі кездесуін жерлестеріміз ертең, 25 желтоқсан күні «ЦСК ВВС» хоккейшілерімен өткізеді. Бұл ойын кешкі сағат 18:30-да басталады.