Қазақстанның «Торпедосы» Ресей «Торпедосының» тас-талқанын шығарды
Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионатында қатарынан бес ойында жеңілістің кермек дәмін татқан өскемендік «Торпедо» алтыншысында әйтеуір жеңіске жетті. Жеңіс болғанда қандай, Алексей Ждахин шәкірттері өз айдынында Төменгі Новгородтың «Торпедо-Горкий» командасын 6:0 есебімен талқандады.
Бұл кездесудегі есепті екінші кезеңнің алтыншы минутында шабуылшы Андрей Виноградов ашты. Бір минуттан кейін Ян Хоменко есепті еселей түсті. Үзіліске дейін қонақтар қақпасының торында тағы бір шайба тулады. Бұл жолы команда капитаны Александр Шинның қанжығасы майланды.
Үшінші жиырмаминуттықта өскемендік хоккейшілер қарсылас қақпасын тағы үш мәрте дәл көздеп, есепті 6:0-ге жеткізді. Қорытынды есеп – 6:0!
Екінші кезеңде көзге түскен хоккейшілерден бөлек бұл ойында Евгений Рымарев, Дмитрий Стулов пен Иван Исаев нәтижелі соққылардың авторлары атанды.
Осы жеңісінен кейін «Торпедо» 35 ұпайға ие болып, әзірге турнир кестесінің 11-ші сатысында орналасуда. Алдағы үш ойынын жерлестеріміз қонақта өткізбек. Оның алғашқысында өскемендік ұжымға бейжіңдік «ОРДЖИ» хоккейшілері қарсылас атануы тиіс. Бұл ойын 13 желтоқсан, сенбі күні ойналады.