Өскемендегі төмен байытылған уран банкі іске қосылды
Өскемендегі төмен байытылған уран банкі толыққанды іске қосылды. Жақында облыс орталығындағы Үлбі металлургиялық зауытында орналасқан стратегиялық маңызға ие нысанға «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясынан уран гексафториді түріндегі төмен байытылған уранның соңғы партиясы жеткізілді.
Айта кетейік, бүгінде Атом қуаты халықаралық агенттігіне қарасты банкте 90 тоннаға жуық төмен байытылған уран сақталуда. Мұны «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Медеу мәлім етті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 17 қазанында өндіріс орнына франциялық «Orano Cycle» компаниясынан төмен байытылған уранның алғашқы партиясы келіп жеткен.
– 90 тонна деген бәлендей көп емес. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бүгінге дейін төмен байытылған уран банкіне жеткізілген өнімнің мөлшері бұрын ҮМЗ-де өзінің өндірістік қоры ретінде сақталған уран мөлшерінің 10 пайызынан аспайды, – дейді ол.
Ал Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин бұл көпшілік ойлағандай атом өнеркәсібінің қалдықтары емес екенін айтуда.
– Уран гексафториді түріндегі төмен байытылған уран – стандартты жеңіл сулы реактор үшін отын дайындауға арналған бастапқы шикізат. Ол беріктігі өте жоғары болаттан жасалған герметикалық цилиндрлерде қатты күйінде сақталады. Бұл цилиндрлердің өзі көптеген сынақтан өткен және барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін арнайы сертификатталған контейнерлер екенін айтқан абзал. Аталған контейнерлер қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей, оған қоса түрлі апаттарға төтеп бере алатындай етіп жасалған. Өнімнің сақталуы қатаң бақылауда болады. Сондықтан қауіптенетіндей еш нәрсе жоқ, – деген Ғ.Серғазин ҮМЗ өнімді сақтаудың қауіпсіздігіне кепілдік беретінін, ал АХЭА оны тасымалдауға жауапты екенін хабарлады.
Былайша айтқанда, ТБУ банкі Атом қуаты халықаралық агенттігі бақылауындағы төмен байытылған уран резерві екен. Мұндай банкті құрудағы мақсат – АХЭА-ға мүше елдерге болашақта ядролық отын өндіру үшін қажет болуы мүмкін шикізат қорын жинақтап сақтау.
– Банк ғимаратына тек АХЭА өкілдері ғана кіре алады. Оған қоса нысандағы жағдайды онда орнатылған бейнекамералар арқылы агенттіктің штаб-пәтері орналасқан Австрияның Вена қаласындағы мамандар бақылап отырады. Ал Қазақстан тарапы нысанның сыртындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл іске Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылған, – деп түсіндірді «ҮМЗ» АҚ сату жөніндегі директоры Александр Ходанов.
Халық арасында «МАГАТЭ» деген атаумен танымал Атом қуаты халықаралық агенттігі Үлбі металлургиялық зауытын бекерден-бекер таңдамапты. Оны бүгінде Өскеменде жүрген «АХЭА ТБУ банкі» жобасының басшысы Марта Феррари де айтуда.
– ҮМЗ – уран гексафторидімен жұмыс істеудің 45 жылдық тәжірибесі бар іргелі кәсіпорын. Сондықтан біз көп ойланбастан осы зауытты таңдадық. Жалпы, бұл өте ауқымды жоба екенін өздеріңіз де түсінген боларсыздар. Оны жүзеге асыру үшін біраз құқықтық, техникалық және логистикалық шаруаны тындыруға тура келді. Енді сол еңбегіміздің жемісін көре бастадық. Төмен байытылған уран банкі толыққанды іске қосылды. Бұл Қазақстан үшін де айтулы оқиға болатыны сөзсіз. Өйткені сіздердің мемлекеттеріңіз әлемдегі ядролық қарудан бас тартқан елдердің бірі, әрі бірегейі, – дейді шетелдік маман.