«100 жаңа есім» жобасының үшінші маусымы басталады
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші маусымы басталады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.
– Аталмыш жоба қоғам дамуына үлкен ықпалын тигізді. Сол себепті біз жобаны жалғастыруды жөн деп таптық, – деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, үшінші маусым осы жылдың соңына дейін жалғасады. Ал қазылар алқасының құрамында еліміздің танымал азаматтары болмақ.
Өтінімдер 1-20 қазан аралығында жобаның «100janaesim.ruh.kz» атты жаңа ресми сайты арқылы қабылданады. Ал 5 қарашада онлайн дауыс беру басталады. Осы сәтте қазылар алқасы да жеңімпаздарды анықтау жұмысына кіріседі. Осылайша жоба жеңімпаздары желтоқсанда анықталады.
Айта кетейік, «100 жаңа есім» байқауы 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Екі жылдың ішінде жобаға 5 мыңға жуық адам қатысты. Екі миллионға жуық дауыс берілді.