Өскеменде «Kids Athletics» жарысы өтті
Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Kids Athletics» деген атауға ие болған ерекше жарыс ұйымдастырылды. Наурыз мейрамына орайластарылған спорттық шараға облыс орталығындағы балалар ауылы мен «Үміт» балалар үйінің 80-ге жуық тәрбиеленушісі қатысты.
Жарыстың ашылуына келген облыс әкімі, республикалық жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов пен үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова жиналған балақайларды мейрамдарымен құттықтап, жарыста да, өмірде де алдан көрінулеріне тілектестігін білдірді.
– Спорт патшайымы саналатын жеңіл атлетикаға мыңдаған жас қазақстандықты тарту үшін осындай, «Kids Athletics» деп аталатын жаңа жобаны қолға алдық. Қазірдің өзінде бұл бастаманың жемісін көрудеміз. 4-5 жылдан кейін дәл осы балақайлардан еліміздің намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғайтын атақты спортшылар шығатынына өз басым кәміл сенемін, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов жарыстың ашылу салтанатында.
Ал енді спорттық шараның өзіне келер болсақ, додаға қатысқан 8 бен 14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер бірнеше топқа бөлініп, кедергілермен жүгіру, ұзындыққа секіру, доп лақтыру сияқты сайыстарда өзара мықтыны анықтады. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар және демеушілер атынан грамоталарға, медальдарға, сондай-ақ бағалы сыйлықтарға ие болды.
Осы ретте, жарыстың басы-қасында жүрген даңқты атлет Ольга Рыпакова енді «Kids Athletics» жарысына қатысқан балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін Өскемендегі жеңіл атлетика манежінің есігі әрқашан ашық болатынын жеткізді.