Абай облысында балалар үйінің басшылығы 6 млн теңге жымқырған
Сурет: ehonews.kz
Абай облысында Үржар ауданының прокуратурасы Науалы балалар үйі әкімшілігінің 6 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлады Бас прокуратура.
Балалар үйінің директоры мен бас есепшісі өздеріне жоғары жалақы төлеп, артық сыйақы мен іссапар шығындарын өздеріне аударған.
"Ұрлық дерегі штаттық кесте мен қазынашылық есептерді салыстыру кезінде анықталды. Онда төленуі тиіс және нақты төленген жалақы арасындағы айырмашылық анықталды. Сондай-ақ "Өлі жандар" деп аталатын жұмыс істемейтін адамдарға жалақы төленген. Балалар үйі басшылығының заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке залал келтірілді", - делінген хабарламада.
Бұл дерек бойынша прокуратурамен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 2,3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің сотқа дейінгі тергеуі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелді.
Бұл баптың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салу арқылы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.