«Шекаралық аймақты дамыту» бағдарламасы. Катонқарағайда не атқарылды?
Кеше ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Катонқарағай ауданына барып қайтты. Бұл туралы аймақ басшысы өзінің әлемеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ауданда бірқатар ауылдарды аралап, шекара маңындағы аумақтары дамыту аймақтық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
⠀
Жалпы аталмыш бағдарлама бойынша Катонқарағай ауданында 6 миллиардтан астам теңгеге 76 жоба жүзеге асырылыпты. Оның ішінде 24 жобаны Жұмыспен қамту жол картасы қамтыды. Нәтижесінде 20 мектепте, 6 мәдени ошақта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыларалық 30 шақырым жолға асфальт төселді.
- Катонқарағай ауылындағы саябақ толық абаттандырудан өтті. Жақында осы саябақта Алтайдың асқар жазушысы Дидахмет Әшімхановқа әдемі ескерткіш ашылды. Ауылда сондай-ақ, заманауи талаптарға сай жабық бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп жатыр. Келер жылдың мамыр айына дейін жұмыстар толық аяқталып, нысан қолданысқа беріледі. Жобаның жалпы құны 730 млн. теңге. Мердігер компания биыл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға ниетті. Сонымен қатар, қазандықты салып, инженерлік коммуникация желілерін де осы жылы жүргізеді.
⠀
- Екі жыл бұрын Солдатово ауылында болғанмын. Сол кезде елдімекендегі мәдениет үйін жөндеуге қаражат бөлуді тапсырған едім. Бүгін атқарылған жұмыстың нәтижесі көңілімнен шықты. Клуб ішінде сонымен қатар дәрігерлік амбулатория, спорт залдар, жергілікті әкімшілік орын тепкен. Ауылға сондай-ақ, орталықтандырылған су құбырлары төселді. Бүгінде 200-ге тарта абонент қосылған, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Айта кетейік, соңғы жылдары Катонқарағай ауданындағы 9 ауылға су тартылды. Бұған қоса көпбалалы аналарды қолдау бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асуда. Қазір аудан орталығында екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы аяқталуға шақ қалды. Тағы 30 пәтерлі көпқабатты үй салу жоспары тұр.