KZ
Өскемен
-19°
переменная облачность жел 1 м/с, СШ
498.65 589.06 6.49

ШҚО әкімі: жауапсыз мердігерлердің кесірінен құрылыстардың кешігуін тоқтату қажет

Фото: ШҚО әкімдігі
Фото: ШҚО әкімдігі
23.07.2025, 15:10 241 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысында ауылдар үшін маңызды жоба — «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл бастаманың аясында өңірде 36 жаңа медициналық нысан салу жоспарланған. Қуантатыны, соның 35-і аяқталды. Оның ішінде 34 ауылға дәрігерлік пункттер берілді. Тіпті, 16 нысан қазірдің өзінде халықты қабылдай бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алайда құрылысы бітпей, аяқсыз тұрған ғимараттар да бар. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өз жұмысына салғырт қараған мердігерлерді сынға алды.

Мәселен, Түркістаннан келген «Construction Group Samruk» деген құрылыс компаниясы Волчанка, Тұрғысын және тағы басқа ауылдарда медпункттер салуы керек болған. Бірақ уақтылы жұмыс істемей, құрылыс мерзімін созып, сапасыз жұмыс істеген.  Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, Астанада тіркелген мердігер компания тұрғындардың шағымдарына жауап бермей отыр, тіпті байланысқа да шықпайды. Сол себепті компанияны жауапқа тарту үшін сотқа тиісті құжаттар дайындалып жатыр.

Айта кетейік, бұл – өңірде «Construction Group Samruk» компаниясына қатысты бірінші жағдай емес. Бұған дейін де олар спорт нысандарының құрылысында өз міндеттемелерін дұрыс орындамаған.

Қазір жауапты органдардың араласуымен Волчанка мен Тұрғысын ауылындағы жұмыстар қайта жанданды. Басқа мердігер тартылып, ішкі әрлеу, жабдық орнату, сыртқы аумақты көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Волчанка ауылындағы жобаға 419,4 млн теңге бөлінген, соның 290 миллионы игерілген. Қалған жұмыстарды аяқтау үшін 127,8 млн теңге қажет. Бұл екі нысан биылғы қыркүйек айында пайдалануға берілуге тиіс.

– Ауылдарға аса қажет медпункттердің құрылысы ұзаққа созылмауы керек. Салғырт компаниялар халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін аудан, қала әкімдері тікелей жауап береді. Ал жұмысын дұрыс атқара алмайтын компаниялар енді мемлекеттік тапсырысқа қатыса алмайтындай ету керек, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Майемер, Барлық және Тройницкое ауылдарында да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынып, әрбір нысанға нақты жауапты мамандар бекітілді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу