KZ
Өскемен
-33°
переменная облачность жел 2 м/с, СБ
512.16 594.72 6.57

Қазақстан ауылдарында 473 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді

13.06.2025, 19:00 333 Жанаргүл Көкенайқызы

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде аталмыш жоба аясында 473 медициналық нысан пайдалануға берілді. Қалған 182 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Ұлттық жобаның басты мақсаты – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту және инфрақұрылымды жаңарту арқылы шалғай және ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету.

Жоба шеңберінде республика бойынша 655 жаңа нысан – дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және медициналық пункттер салу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың 473-і іске қосылды.

Жаңа нысандар тозығы жеткен және апатты жағдайдағы 427 ғимараттың орнына, медициналық инфрақұрылымы жоқ немесе жалдамалы үй-жайларда орналасқан 208 ауылға, сондай-ақ бұрын мүлде медициналық мекеме болмаған және мамандар жұмыс істемеген 20 елді мекенге салынып жатыр.

Сонымен қатар, 32 аудандық аурухана ауданаралық аурухана деңгейіне дейін жаңғыртылып жатыр. Бұл ауқымды жұмыс ауыл тұрғындарына жоғары деңгейдегі медициналық көмекті өз өңірлерінен шықпай-ақ алуына мүмкіндік бермек.

Жоба аясында ауылдық медициналық мекемелер заманауи диагностикалық және зертханалық құрал-жабдықтармен, телемедицина аппараттарымен қамтылуда.

Айта кетейік, қазіргі таңда ел аумағындағы ауыл тұрғындарына 3,5 мыңнан астам фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт, 1300-ге жуық дәрігерлік амбулатория, 148 емхана және 175 аурухана медициналық көмек көрсетіп отыр. Барлығы 5 мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу