Бизнесті қолдауға 92 млрд теңге бағытталды – ШҚО
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында өңір экономикасын әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шаралар барысы талқыланды. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бүгінде шағын және орта бизнес өңір экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналғандығын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста шағын және орта бизнеске көрсетіліп отырған қолдау ауқымы кең. Бүгінде бұл саласының өңір экономикасындағы үлесі шамамен 25%-ға дейін өскен. Бизнесті қолдауға биыл 92 млрд теңге бағытталып, 240-қа жуық жоба қаржыландырылды.
Сондай-ақ, облыста бизнес пен жергілікті билік арасындағы тиімді байланыс орнату мақсатында өңірдің ірі кәсіпкерлерінен құралған Іскерлік кеңес жұмыс істейді. Кеңес аймақтық бизнестің өзекті мәселелерін шешуге және жаңа жобаларды іске асыруға қолдау көрсетіп келеді.
Экономикалық даму мәселесімен қатар, сессия барысында туризм саласындағы жетістіктер де сөз болды. Өңірге келетін шетелдік туристер саны биыл 5 пайызға артқан. Ал туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 13 миллиард теңгеге жетіп, туристік ағын 16 пайызға көбейген.
Айта кетсек, Риддер қаласы маңында жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» туристік кешенін салу жоспарланып отыр. Жоба іске асқан жағдайда өңір тау туризмі мен спорттық демалыстың ірі орталығына айналады.
Шығыс Қазақстан облысының экономикалық саясаты бүгінде екі бағытта – кәсіпкерлікті қолдау мен туризмді жаңа деңгейге шығару арқылы жүзеге асуда. Бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейтпек.
Айдос Мырзахметов
Евгений Щетников
Махаббат Ахметжанова






