Басқарма басшысының заңға қайшы әрекеттері анықталды – ШҚО
Өскемендегі Шнайдер көпіріндегі апатқа байланысты құқық қорғау органдарының қатысуымен өңірдің көлік және автомобиль жолдары саласына жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Уахитовтың заңға қайшы әрекеттері анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz облыстық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кету керек, бұл тексерулер облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тікелей тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдарының қатысуымен жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда Данияр Уахитов өз еркімен қызметінен кеткен. Ал аталған басқармада жаңа басшы міндетін атқарушы тағайындалды. Әкімдік таратқан ақпаратта бұл шешім аймақ басшысының мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында қабылданғаны айтылған.
Шнайдер көпіріндегі апаттан кейін облыс әкімінің протоколдық тапсырмасымен құқық қорғау органдарының қатысуымен аталған салаға тексеріс жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша басқарманың бұрынғы басшысы Данияр Уахитовтың заңға қайшы әрекеттері анықталды.
Іс бойынша соңғы құқықтық бағаны уәкілетті органдар береді.
Облыс әкімдігі ашықтықты қамтамасыз ету, тәртіпті нығайту және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.