KZ
Өскемен
-10°
пасмурно жел 5 м/с, З
512.83 600.58 6.36

ШҚО-да әділ нарық қалыптасып келеді: монополияға – тосқауыл, бизнеске – мүмкіндік

19.12.2025, 15:00 136 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында әділ бәсекелестік орнату бағытында нақты нәтижелер бар. Биыл өңірде монополиялық баға қою деректері әшкереленіп, заңбұзушылықтарға жол берген нарық субъектілері жауапкершілікке тартылды, ал кәсіпкерлерге кедергі келтірген бірқатар әкімшілік тосқауылдар жойылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша департаменті жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялап, нарықтағы ахуал мен қабылданған шешімдердің тиімділігі туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті осы жылғы жұмысының қорытындыларын жариялады. Өңірде әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру, монополиялық әрекеттердің алдын алу және кәсіпкерлік қызметке кедергілерді жою бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл туралы аталмыш департаменттің басшысы Сәуле Бақберген Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Департамент қызметі үш негізгі бағытқа негізделді. Олар – бәсекелестікті қорғау және монополияға қарсы ден қою шаралары, тауар нарықтарының жай-күйін талдау, сондай-ақ бизнесті дамытуға тосқауыл болатын әкімшілік және институционалдық кедергілерді жою.

Биыл департамент монополияға қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты шаралар қабылдады. Айыппұл салу, монополиялық табысты тәркілеу, ұйғарымдар мен ескертулер беру, сондай-ақ тергеп-тексеру жүргізу түріндегі ден қою тетіктері кеңінен қолданылды.

– Үстіміздегі жылы бір монополияға қарсы тергеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша «Өскемен әуежайы» акционерлік қоғамына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Тергеу барысында авиациялық отынды бөлшек саудада өткізуде монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі анықталды. Мамандандырылған соттың 2025 жылғы 1 желтоқсандағы шешімімен субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды және монополиялық табыс тәркіленді. Сонымен қатар қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығына қатысты бір тергеу өндірісте жатыр, – деді департамент басшысы Сәуле Бақберген.

Жалпы алғанда, ағымдағы жылы 6 нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асты. Бұдан бөлек, мемлекет пайдасына 10 миллион теңге көлемінде монополиялық кіріс тәркіленді.

Көмір бағасының ықтимал өсуі туралы жарияланымдар да департамент назарынан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында екі ескерту шығарылды.

– Бәсекелестіктің жай-күйін анықтау мақсатында департамент осы жылы 17 тауар нарығына талдау жүргізді. Оның ішінде бес жоспарлы және он екі жоспардан тыс зерттеу бар. Талдаулар отын-энергетика кешені, теміржол тасымалы, білім беру саласы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және бөлшек сауда нарықтарын қамтыды. Зерттеу нәтижелері облыстың бірқатар аудандарында бәсекелестіктің деңгейі төмен екенін көрсетті. Нарыққа кіру шектеулері, инфрақұрылымдық және әкімшілік кедергілер, сондай-ақ өзге де мәселелер анықталды, – деді департамент басшысы.

Бұзушылықтардың алдын алу мақсатында монополияға қарсы комплаенс тетігі белсенді қолданылды. Атап айтқанда, биыл азық-түлік жеткізушілерімен 18 комплаенс-келісім жасалды. Бұл келісімдер кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтауға мүмкіндік беріп, әкімшілік жазалау шараларына жеткізбей-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Сонымен бірге департамент басшылығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу мен реттеу олардың құзыретіне кірмейтінін атап өтті.

Департамент жанынан базарларға кіру және шығу кедергілерін жою жөніндегі арнайы кеңес жұмыс істейді. Жыл басынан бері кеңестің сегіз отырысы өткізіліп, олардың нәтижесінде нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, бір мәселе республикалық кедергілер картасына енгізуге ұсынылды, жергілікті деңгейде алты кедергі жойылды, ал бір сұрақ бойынша жұмыс жалғасуда.

Өңірдің бірнеше ауданында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға қатысты шектеулер алынып тасталды. Сонымен қатар 2 мың айлық есептік көрсеткіштен аз сомаға медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде кепілдік міндеттемелерді қамтамасыз ету жөніндегі артық талаптар жойылды.

Бұдан бөлек, департамент мемлекеттік сатып алулар барысында нақты бағдарламалық өнімдер мен ақпараттық жүйелерді көрсетуге жол бермеу жөнінде ұсыныстар берді. Бұл IT-қызметтер нарығындағы бәсекелестік шектеулерін азайтуға мүмкіндік берді.

– Осы жылы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне ерекше назар аударылды. Департамент 47 мониторинг жүргізіп, олардың нәтижесі бойынша монополияға қарсы органмен келісілмеген қызмет түрлерін алып тастау туралы жеті ұйғарым берді. Барлық нұсқамалар толық көлемде орындалды, – деді Сәуле Бақберген. – Мемлекеттік сатып алулар саласында да бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері бір көзден сатып алуды келісу туралы 16 өтініш қаралды. Оның ішінде жеті өтініш бойынша бас тарту берілді, екі өтініш стратегиялық объектілерге қатысты болғандықтан мақұлданды, ал жеті өтініш қазіргі уақытта қаралуда.

Жалпы алғанда, биыл бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті өңірде әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру, монополиялық әрекеттердің алдын алу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізді. Алдағы уақытта да департамент әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс қатысуын азайту және кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастыруды көздеп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу