ШҚО-да монополияға қарсы шаралар күшейтілді
Фото: pixabay.com
2024 жыл мен 2025 жылдың бірінші тоқсаны аралығында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті нарықтағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Аталған кезеңде сегіз тергеу жүргізіліп, нәтижесінде төрт әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық департаменттің мәліметінше, монополиялық әрекеттер мен бәсекелестікке қарсы заңбұзушылықтар үшін 16 нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 7,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның ішінде 4,1 миллион теңге мемлекет пайдасына монополиялық табыс ретінде тәркіленді. Бұл — нарықтағы әділетсіз пайда көздерін жоюға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Сонымен қатар ведомство тарапынан 13 ескерту берілген. «Жұмсақ құқық» қағидаты аясында екі нарық субъектісіне де түсіндіру сипатындағы ескерту жасалды. Бұл тәсіл құқықбұзушылықтың алдын алуға және нарық қатысушылары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Сол ескертулердің бірі көмір бағасының өсуіне қатысты жарияланымдар негізінде берілді. Мұндай алдын алу шаралары әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Монополияға қарсы органның жұмысы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, кәсіпкерлер арасындағы әділ бәсекені қамтамасыз етуге және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған. Департамент бұл бағыттағы жұмысын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырмақ.