Өскемен әуежайы авиациялық отын бағасын негізсіз көтергені үшін жауапкершілікке тартылды
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті 2025 жылғы қызмет қорытындысын жариялады. Есепті кезеңде нарықтың алты субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10,1 млн теңгені құрады. Сонымен қатар заң бұзушылардан 10 млн теңге көлеміндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында департамент өкілдері атқарылған жұмыстар үш негізгі бағытты қамтығанын атап өтті. Олар – бәсекелестікті қорғау, тауар нарықтарының жай-күйін талдау және бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою.
Бәсекелестікті қорғау және монополияға қарсы шаралар
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында департамент тарапынан нұсқама беру, ескерту жасау, сондай-ақ тергеп-тексеру жүргізу сияқты шаралар қолданылып, айыппұл салу және монополиялық табысты тәркілеу жүзеге асырылады.
2025 жылы өңірде бір монополияға қарсы тергеп-тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде «Өскемен әуежайы» АҚ-на қатысты іс қозғалды. Ал Шығыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығына қатысты тағы бір іс қазіргі таңда өндірісте қаралуда.
Мамандар «Өскемен әуежайы» АҚ-ның әрекеттерінен авиациялық отынға бөлшек саудада монополиялық жоғары баға белгілеу фактісін анықтады. 2025 жылғы 1 желтоқсанда мамандандырылған соттың шешімімен әуежай әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салу және монополиялық табысты тәркілеу туралы шешім қабылданды.
Жалпы есепті кезеңде алты нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдардың жалпы көлемі 10,1 млн теңгені құрады, ал заңсыз алынған 10 млн теңге монополиялық табыс мемлекет кірісіне өткізілді.
Сонымен қатар көмір бағасының өсуі мүмкін деген жарияланымдарға байланысты департамент Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу жөнінде екі ескерту шығарды.
Тауар нарықтарындағы бәсекелестік жағдайын талдау және комплаенс-келісімдер
Бәсекелестік жағдайын зерделеу аясында департамент 17 тауар нарығына талдау жүргізді. Оның ішінде 5-еуі жоспарлы, 12-сі жоспардан тыс зерттеу болды. Талдаулар отын-энергетика кешені, теміржол тасымалы, білім беру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және ритейл салаларын қамтыды.
Зерттеу нәтижелері бойынша облыстың бірқатар ауданында бәсекелестіктің төмен деңгейде екені, сондай-ақ нарыққа кіруге кедергі келтіретін бірқатар тосқауылдар мен проблемалық мәселелер бары анықталды. Заң бұзушылықтардың алдын алу үшін антимонополиялық комплаенс тетігі белсенді түрде қолданылуда. 2025 жылы азық-түлік жеткізушілерімен 18 комплаенс-келісім жасалды.
Дегенмен департамент өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу және реттеу олардың құзыретіне кірмейтінін атап өтті.
Кедергілерді жою және мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту
Департамент жанынан нарыққа кіру және шығу жолындағы кедергілерді жою жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Жыл басынан бері кеңестің 8 отырысы өтіп, нәтижесінде:
1 мәселе Республикалық кедергілер картасына енгізу үшін жолданды;
6 кедергі жергілікті деңгейде жойылды;
1 мәселе бойынша жұмыс жалғасуда.
Атап айтқанда, облыстың бірқатар ауданында стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруға қатысты кедергілер жойылып, медициналық бұйымдарды 2 000 АЕК-тен төмен сомаға сатып алу кезінде кепілдік міндеттемелерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды.
Сонымен бірге мемлекеттік сатып алуларда нақты бағдарламалық өнімдер мен ақпараттық жүйелерді көрсетуге жол бермеу жөнінде ұсыныстар берілді. Бұл IT-қызметтер нарығындағы бәсекелестікті шектейтін талаптарды жоюға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік кәсіпорындар мен сатып алуларды бақылау
Ведомство мамандары мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін мониторингтеуге ерекше көңіл бөлді. 2025 жылы 47 мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша антимонополиялық органмен келісілмеген қызмет түрлерін алып тастау туралы 7 нұсқама берілді. Барлық нұсқамалар толық көлемде орындалды.
Жыл басынан бері бір көзден сатып алуды келісу бойынша 16 өтініш қаралды. Оның ішінде:
7 өтініш бойынша келісім берілмеді;
стратегиялық нысандарға қатысты 2 өтініш мақұлданды;
7 өтініш қаралу сатысында тұр.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті алдағы уақытта да бәсекелестік ортаны дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.
Елизавета Седых
Фото: ШҚО ӨКҚ