Сауда орындарында баға мониторингі жүйелі түрде жүргізілуде
Осы жылдың 4 қаңтарынан бастап елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі енгізілді. Бұған дейін 19 атаудан тұрған тізбе қазір 31 тауар түріне дейін толықты. Кеңейтілген тізімге қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр, тауық және жылқы еті, сондай-ақ қатты ірімшік енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгеймен бірдей. Сонымен қатар аталған нәтиже кеңейтілген тауарлар тізбесін ескере отырып қалыптасқанын атап өткен жөн, бұл бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері бағасының тұрақты екенін көрсетеді.
Кеңейтілген тізімге енген бірқатар жаңа тауар түрлері бойынша бағаның 0,1-0,5 пайыз аралығында төмендегені байқалуда. Атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдері бойынша алма бағасы 0,5 пайызға, қияр мен қызанақ бағасы 0,4 пайызға арзандады. Бакалея өнімдері сегментінде қатты және жартылай қатты ірімшіктердің бағасы 0,3 пайызға, қара шай бағасы 0,2 пайызға төмендеді. Сонымен қатар ет пен балық өнімдері тобы бойынша баға 0,1 пайызға, ал сүт өнімдері ішінде қаймақ бағасы 0,1 пайызға арзандады.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері сауда нысандарында тұрақты мониторинг жүргізіліп, бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Осы ретте 13 қаңтар күні Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Қабдушев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп елордадағы базарларда баға мониторингін өткізіп, сатушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Оның айтуынша, өңірлерде де осындай жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Қазіргі кезде сатушыларға бұрын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімінде болмаған өнімдердің енді аталған тізімге енгізілгені түсіндірілуде. Бұл тауарларға қатысты сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын ең жоғары сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс.