KZ
Өскемен
-10°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
505.17 599.54 6.59

«Өзіңізді тексеріп, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіңіз»: ТЖМ өрттің алдын алуға шақырады

26.01.2026, 15:30 109 Ержан Әбіш

Өрттердің алдын алу және азаматтардың өмірі мен мүлкіне төнетін қауіп-қатерді азайту мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі «Өзіңізді тексеріп, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіңіз» атты профилактикалық акцияны іске қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталған акция ең алдымен кәсіпкерлерге, ұйым басшылары мен объект иелеріне практикалық әрі консультациялық көмек көрсетуге бағытталған. Басты мақсат – әкімшілік ықпал ету шараларын қолданбай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және объектілердің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті арттыру.

Акция аясында автоматты өрт дабылы жүйелерінің жай-күйіне ерекше назар аударылады. Кәсіпкерлермен, адамдар көп жиналатын нысандардың, қоғамдық тамақтану, сауда, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің, сондай-ақ үй басқарушы ұйымдардың басшыларымен профилактикалық әңгімелер мен нұсқамалар өткізіледі. Кездесулер барысында өрт автоматикасының жұмыс істеу қағидаттары, оны пайдалану тәртібі және уақтылы техникалық қызмет көрсетудің маңыздылығы түсіндіріледі.

Сонымен қатар кәсіпкерлер мен объект иелеріне өрт дабылы жүйелерінің жұмысқа қабілеттілігін өз бетінше тексеру, адамдардың өмірін сақтау мен мүлікті қорғауға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау жөнінде ұсынымдар беріледі.

Бизнес-қоғамдастықпен және үй басқарушы ұйымдармен ашық диалог орнату мақсатында өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша консультациялық кеңестер құрылған. Бұл алаңдарда объектілердің белгіленген талаптарға сәйкестігі, ортақ пайдаланылатын аумақтарды қауіпсіз ұйымдастыру және өрттің туындауына ықпал ететін факторлардың алдын алу мәселелері қаралады.

Консультациялық көмек шеңберінде өрт дабылы жүйелерінің жарамдылығын тексеру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл кәсіпкерлерге ықтимал кемшіліктерді дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік береді.

Қазақстан ТЖМ кәсіпкерлерді аталған профилактикалық акцияға белсенді қатысуға, өз объектілерінде өрт автоматикасы мен құлақтандыру жүйелерінің, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жұмысқа қабілеттілігін тексеруге және қажет болған жағдайда ТЖД мамандарынан кеңес алуға шақырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу