"Жұмысы солғын". ШҚО-да Ардагерлер кеңесінің бірнеше филиалы жабылуы мүмкін
ШҚО-да белсенді жұмыс істемейтін ардагерлер кеңесінің филиалдары жабылуы мүмкін. Бұл туралы Кеңестің төрағасы Айтқазы Шерубаев айтты.
Оның сөзінше, ардагерлер кеңесі – облыстағы мүшесі көп ұйымдардың бірі. Құрамында 230 мыңнан астам адам бар.
– Мысал ретінде айтайын, Семейдегі филиал жастардың патриоттық тәрбиесі жөнінде арнайы бағдарлама шығарды. Олар мектептер мен кітапханаларда оқушыларға Алаш Орда туралы сынып сағаты мен әртүрлі шаралар өткізеді. Белсенді іс атқаруда. Осы секілді жұмыстарды атқаруға мүмкіндік берген аудан мен қала әкімдеріне алғыс айтамыз, әлбетте. Алайда Тарбағатай мен Бесқарағай ауданындағы филиалымыздың жұмысы солғын. Алдағы уақытта белсенді қимылдамаса, жабуға тура келеді, – деді Айтқазы Шерубаев.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ардагерлер кеңесі Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығын атап өтуге дайындалып жатыр.