Қазақстанда онлайн оқитын оқушылар коронавирусты көп жұқтырған
Оқу жылы басталғалы бері 825 оқушыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты.
Ержан Байтанаевтың мәліметіне қарағанда, COVID-19-ды офлайннан гөрі онлайн оқитын оқушылар көп жұқтырған.
Оқу жылы басталғалы бері 825 оқушыдан коронавирус анықталды. Оның ішінде кезекші кластарда оқитын балалар саны – 261.
Бұл офлайн режимінде білім алушылардың жалпы санының 0,03%-і. Ал онлайн форматта білім алатын балалар арасында коронавирус жұқтырғандар саны 564-ке жетті. Бұл – 0,02%, – деді Ержан Байтанаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингіде.
Кейінгі аптада 9 өңірде кезекші класта оқитын 62 оқушы COVID-19 жұқтырған.
Шығыс Қазақстан облысында 32, Павлодар облысында 12, Батыс Қазақстан облысында 5, ал Қарағанды және Ақмола облыстарында, Нұр-Сұлтанда 3, Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында 1 деректен тіркелді (спикер тоғызыншы өңірді атамады – ред.), – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі.