ШҚО-да дауылды ескерту жарияланды: қар, бұрқасын және қатты жел күтіледі
24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Қар жауып, бұрқасын соғады, кей өңірлерде тұман түсіп, желдің екпіні күшейеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
«Қазгидромет» ШҚ филиалының мәліметінше, бүгін облыс аумағында қар, бұрқасын күтіледі. Облыстың солтүстігі мен оңтүстігінде тұман болуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығысқа ауысып, солтүстік өңірлерде екпіні 15–20 м/с-ке дейін жетеді.
Ауа температурасы Өскемен қаласында күндіз –10…–15°C, түнде –15…–20°C шамасында.
Риддер қаласында күндіз –11…–18°C, түнде –18…–23°C дейін төмендейді.
Алтай өңірінде де –10…–20°C аралығында сақталады.
Облыс бойынша ең төменгі температура таулы және солтүстік аудандарда тіркеледі деп күтілуде.
Осыған байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерден тыс сапарларды кейінге қалдыруға шақырады. Жолға шыққан жағдайда жүргізушілерге мықты арқан, жанармай қоры, күрек, қол шам, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, жылы киім мен азық-түлік алып жүру ұсынылады.
Құтқарушылар жылдамдық режимін сақтауды, ал жаяу жүргіншілер көктайғақта жарақат алмау үшін сақтық шараларын күшейтуді ескертеді. Қатты жел кезінде ғимарат ішіне паналап, ағаштар мен жарнама тақтайшаларының маңында тұрмау қажет. Бос тұрған және үзілген электр сымдарына жақындауға болмайды.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.