Медицина саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Фото: Мәди Ахметов
Ағымдағы жылдың 18-21 сәуірі аралығында Шығыс Қазақстан облысында өткен «ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері» іссапары өз мәресіне жетті.
Бүгін облыс әкімдігінде астаналық дәрігерлердің қатысуымен өткен қорытынды жиынға облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов және өңірдегі жетекші медициналық мекемелердің бас дәрігерлері қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сондай-ақ осы іс-шара аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығына қарасты ұйымдардың басшылары – ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы мен Орталық клиникалық аурухананың басшылары Рустам Албаев пен Асхат Бралов және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басшысы Яков Стерлигов облыстағы әріптестеріне Медициналық орталықтың медициналық ұйымдарының презентацияларын көрсетіп, қызметтерімен таныстырды.
Ұйымдардың таныстырылымы барысында 90 жылдан астам уақыт ішінде ҚР ПІБ Медициналық орталығының еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің көшбасшысына айналғаны атап өтілді. 6 мыңға жуық жоғары білікті мамандар жұмыс істейтін ұйымдарда халықаралық құзыреттіліктің дәлелі болып табылатын Joint Commission International, ISO, GPP, IIac-mra стандарттары бар.
Іссапар аясында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Салтанатты шараға қос тараптан облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов пен ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой қатысты.