Елімізде АЭС салынса «ҮМЗ» АҚ ядролық отынмен қамтуға дайын
Өскемендегі «Үлбі металлургиялық зауыты» акционерлік қоғамы аймақтағы, еліміздегі БАҚ өкілдеріне атом электр станцияларына арналған ядролық отын өндірісіндегі мүмкіндіктерін көрсетті.
Үлбі металлургия зауытында облыстық және республикалық БАҚ журналистеріне арналған баспасөз туры өтті, оның мақсаты баспасөз өкілдерін ядролық отын өндірісінің негізгі кезеңдерімен таныстыру болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында журналистер «ҮМЗ» АҚ-ның уран өндірісіне барып, атом реакторларында қолданылатын жылу бөлетін құрамалар (ЖБҚ) үшін негіз болып отырған уран отын таблеткаларын дайындау үдерісімен танысты. Сондай-ақ журналистер осындағы «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытында болды.
Экскурсия барысында олар қазіргі уақытта «Үлбі-ЖБҚ» зауытынан ҚХР-дағы серіктестеріне жеткізіліп жатқан ЖБҚ өндірісінің негізгі кезеңдерін көзбен көрді.
Өз кезегінде «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Бежецкий журналистерді құттықтап:
«Атом станциясының құрылысы туралы мәселе оң шешілген жағдайда ҮМЗ оны өзінің ядролық отынымен қамтамасыз ете алар еді. Қазір зауыт француздық дизайндағы AFA3G жылу бөлетін құрамаларын шығарады. Егер станцияда отынның осы түрі сұранысқа ие болса, біз жай ғана өндіріс көлемін арттырар едік. Бірақ басқа формат таңдалса да, ҮМЗ отын таблеткаларын, яғни жылу бөлетін құрамаларды өндіруге арналған компоненттерді шығара алады», - деді.
Сондай-ақ ҮМЗ басшысы 4000-нан астам қызметкер еңбек ететін зауытта уранмен жұмыс істеудің 70 жылдық тәжірибесі жинақталғанын, елеулі ғылыми және өндірістік база бар екенін атап өтті. Ол қажет болған жағдайда кәсіпорын қызметкерлері білім мен практикалық дағдыларды атомшы мамандармен бөлісуге дайын екендігін айтты.