ШҚО-ға жаңа басшы тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Ермек Көшербаев 14 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалған болатын.
Нурымбет Аманұлы 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №172 орта мектепте оқытушы ретінде бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызмет, соның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерде болған.
2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімі басшысы, аталған министрдің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі миграция комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті.
2012-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Ұлан ауданының және Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
2021 жылдың ақпан айынан 2022 жылдың маусым айына дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі лауазымында еңбек етті. Осы уақытқа дейін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.