KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Волонтер болу – отаншылдықтың жарқын үлгісі – Президент

Фото: egemen.kz

21.06.2023, 12:26 247

Мемлекет басшысы ерікті болу отаншылдықтың жарқын үлгісі екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумына қатысты, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

– Соңғы жылдары елімізде ауқымды реформалар қолға алынды. Тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыс табысты болуы үшін бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Яғни, мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі өте маңызды. Осы орайда еріктілердің рөлі айрықша. Бүгінде олар қоғамның түрлі саласында белсенді жұмыс істеп жүр. Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды. Біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті. Яғни, 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер даярлықтан өтті. Qazvolunteer.Kz платформасы жасалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алатынын атап өтті.

– Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Себебі еріктілер қатарында қоғамға адал қызмет ету – біркүндік не болмаса уақытша жұмыс емес, бұл әр волонтердің өз еркімен таңдаған өмірлік мақсаты. Жалпы, волонтер болу патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын үлгісі. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады, – деді Мемлекет басшысы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу