Биыл Қазақстанда спортпен айналысатындар саны 300 мыңға артты
Фото: Махаббат Ахметжанова
Қазақстанда бұқаралық спорт дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары негізінде спортты қолдау мен спортшыларға жағдай жасау тұрақты назарда тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша елде 8,5 миллионға жуық адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл – халықтың 41,4%-ы. Оның ішінде:
- 6 млн-нан астамы – ерлер,
- 2,3 млн-ға жуығы – әйелдер,
- 3 миллионға жуық тұрғын – ауылдық жерлерде спортпен шұғылданады.
Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 300 мың адамға артқан. Министрліктің жоспары бойынша, 2029 жылға қарай спортпен айналысатындар үлесі 50%-ға жеткізілуге тиіс.
Балалар спортына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл мемлекеттік спорт тапсырысына жергілікті бюджеттен 50 млрд теңге бөлініп, 7 мыңнан астам спорт секциясы ашылды. Соның нәтижесінде 240 мыңнан астам бала тегін үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, республика бойынша 912 жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Олар 298 мыңнан астам бала мен жасөспірімді спортқа тартып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл бағдарламаларға сұраныс өте жоғары. Сондықтан жергілікті билік спортты дамытуға арналған қаржыландыруды жалғастыруы қажет.
Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту – халық денсаулығын нығайтудың, салауатты өмір салтын қалыптастырудың және жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды тетігі болып саналады.