ІІМ жүргізушілерді боран мен көктайғақ кезінде жолға шықпауға шақырады
Қазақстанның бірқатар өңірінде қыс қаһарына мініп, республиканың басым аумағында қатты аяз, боран және көктайғақ тіркелуде. Ауа райының нашарлауына байланысты Ішкі істер министрлігі тұрғындарды, әсіресе жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ІІМ мәліметінше, дабылды ескертулерге қарамастан, кейбір азаматтар боран кезінде жолға шығып, ұзақ бағытқа сапарлауды жалғастыруда. Соның салдарынан көліктердің қар құрсауында қалу жағдайлары жиілеп, бұл тек жүргізушілер үшін ғана емес, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері үшін де қосымша қауіп пен жұмыс көлемін арттырып отыр.
Жарияланған бейнематериалда полицейлердің қолайсыз ауа райында қалып қойған көліктерге көмек көрсетіп, қарға батып қалған автокөліктерді шығарумен айналысып жатқан сәттері көрсетілген.
ІІМ бұл шектеулердің барлығы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Облыстық ТЖД мен полиция басқармасы жүргізушілерге алыс сапарды кейінге қалдыруды, жолға міндетті қажетті құралдар — жылы көрпе, қуаты толық телефон, буксир арқанын алып шығуды ескертеді.
Алдағы демалыс күндері ауа райы тұрақсыз болып қалмақ. Күннің күрт суытуы, қарлы боран, мұзтанып жатқан жолдар — көлік қозғалысына өте қауіпті.
ІІМ:
- дауылды ескертулерді ескеруге;
- алыс сапарларға шықпай тұра тұруға;
- жылдамдықты шектен асырмауға;
- үлкен жүк көліктері мен жеңіл көліктердің арақашықтығын сақтауға;
- қысқы дөңгелектер мен техникалық жарақтануды алдын ала тексеруге шақырады.
Полиция қызметкерлері енгізілген шектеулер мен олардың талаптары заңды және барлығы үшін орындалуы тиіс екенін еске салады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бір ғана немқұрайдылық ондаған адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.