Жыл басынан бері 2 бала терезеден құлаған – ШҚО
Шартты сурет
ШҚО-да жыл басталғалы бері көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен 2 бала құлап кеткен. Оқыс оқиғалардың бірі Риддер қаласында болса, екіншісі Алтай ауданында тіркелді.
ШҚО ТЖД мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2 бүлдіршін де пәтерде ересектердің қарауынсыз, жалғыз қалған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бірінші жағдай Риддер қаласындағы 5 қабатты тұрғын үйде тіркелген. Пәтер иесінің екі жастағы ұлы 3-ші қабаттың терезесінен құлаған. Бірнеше жарақат алған бүлдіршін бірден ауруханаға жеткізілді.
Ал Алтай қаласындағы 2 жастағы бала екінші қабаттан құлаған. Ол да бірден медициналық мекемеге жатқызылды.
Айта кету керек, жалпы ел бойынша Ішкі істер министрлігі кішкентай балалардың терезеден құлап кету жағдайларына алаңдаушылық білдіріп отыр. Алдын алу жұмыстары үнемі жүргізілетініне қарамастан, қайғылы жағдайлар саны жыл сайын өсуде.