KZ
Өскемен
-1°
пасмурно Штиль
494.87 520.65 4.91

Жаңа шеберханада шеберліктерін шыңдайды

14.11.2024, 12:00 68 Гульжан Мусина

Серебрянка қаласының М.Инюшин атындағы №1 орта мектебінде қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар жаңғыртылды. Мұнда оқушылар аспаздықтың, кесу, тігу мен жонудың қыр-сырын меңгере алады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Айта кетейік, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасында салынған білім ордасында мұндай шеберханалар бұған дейін де болған. Алайда, арнайы сыныптардың өзі де, ішіндегі құрал-жабдықтары да әбден ескірген соң, соңғы кездері оқушылардың ата-аналары тарапынан шеберханаларды жаңарту жөнінде өтініштер жиі түсе бастаған. Халықтың өтініш-тілегін жерде қалдырмай, алғашқы болып үн қатқан «Казцинк» компаниясы болды. Шығысқазақстандық алпауыт кәсіпорынның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, компания әлеуметтік салаға қашан да айрықша мән берген. Әсіресе, өскелең ұрпақ үшін қажетті бастамаларға қолдауын аямаған. Дәл сондай жұмыстың жарқын мысалы ретінде Серебрянка мектебіндегі жаңарған шеберханаларды айтуға болады.

– Креативті ойлауды ерте жастан дамыту өте маңызды. Болашақта бұл жерден түрлі салаға жаңа леп әкелетін жаңашыл азаматтар шығады деп сенеміз. Ең бастысы, жастарымыз талапты болуы керек, білімге, ғылымға ұмтылуы керек. Ал материалдық-техникалық қамтылу мәселелерін біз сияқты демеушілер-ақ реттейді. Серебрянка біз үшін қатардағы елді мекеннің бірі емес. Біз моноқалаға, атап айтқанда мұндағы білім беру саласының бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге даярмыз, – деді А.Лазарев.

Осы ретте мектеп ішіндегі шеберханалар интерактивті тақта, әмбебап жұмыс үстелдері, тігін машиналары, ас үй, ұстахана мен жону жабдықтары сияқты барлық қажетті затпен жабдықталғанын айтқан жөн. Осындай сужаңа сыныптарда тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алған балалар да, олардың мұғалімдері де «Казцинктің» тартуына ерекше мәз.

– Жаңартылған шеберханалар ашылғаннан кейін мектебіміздің оқушыларын оқытудың жаңа кезеңі басталды деуге болады. Былайша айтқанда, бұл олардың үлкен өмірге, болашақ кәсіптеріне дайындығы, – деп атап өтті мектеп директоры Ирина Бесчалова. – Мұнда оқушылар жұмысшы мамандықтары туралы біліп қана қоймай, әртүрлі салада өз күштерін сынап көреді. Жалпы алғанда, балалар сабаққа қуана қатысады. Олардың шығармашылық идеяларында шек жоқ – біреулері шахмат жасап жатса, енді біреулері өз киім топтамаларын тігеді.

Жоғарыда жазғанымыздай, мектеп шеберханаларын жаңғырту «Казцинктің» демеушілік көмегінің арқасында мүмкін болды. Компания кабинеттерді жөндеуге және жабдықтауға 60 миллион теңге бөлген.

Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу