ШҚО-да балаларға арналған "Қауіпсіздік бағыты" көрсетілген парақшалар таратылады
"Казцинк" компаниясы ШҚО білім басқармасы және полиция департаментімен бірлесіп дәстүрлі "Қауіпсіздік үздігі" акциясын өткізді. Іс-шара аясында облыс мектептерінің барлық бастауыш сынып оқушыларына жүріп-тұру қауіпсіздігі ережелері жазылған парақшалар сыйға тартылды, онда мектепке дейінгі маршрутты бейнелеуге болады.
Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянка қалаларынан 25 000-ға жуық бала жолдарда, көлікте және көшеде қалай жүру керектігі бойынша ұсыныстары бар брошюралар алады.
- Қауіпсіздік-біздің компания үшін абсолютті басымдық, Біз бұл мәселеге ерекше назар аударамыз. Біздің, ересектердің міндеті —баланың әр қадамын қауіпсіз ету. Кез-келген ақпарат ойын форматында ұсынылған кезде оңай қабылданады. Биыл біз парақшаларды әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде өзін қалай ұстау керектігі туралы мәліметтермен толықтырдық. Киберқауіпсіздік негіздері, жаңалықтардан көріп отырғанымыздай, тіпті бастауыш сынып оқушылары үшін де өте маңызды, - деп атап өтті "Казцинк" компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Тұсаукесер облыс орталығындағы №39 мектепте өтті, онда бастауыш сынып оқушылары бірінші болып арнайы парақшаларды алды.
Оқушылар мен олардың ата-аналары арнайы алаңда бірлесіп жұмыс істейді деп жоспарланған. Балалар ересектермен бірге оқу орнына баратын және қайтатын маршруттарын сызып, қауіпті учаскелерді белгілеп, жағымсыз жағдайлардан қалай аулақ болу керектігін талқылайды деп болжануда.
- Бүгін мектебіміздің бастауыш сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелері туралы сынып сағаттары өткізіліп жатыр. Бұл шара біздің білім ордасында дәстүрлі түрде ұйымдастырыл келеді, өткен жылы, мысалы, төртінші сынып оқушыларына жүргізілген. Мұндай акциялар балғындар үшін де, ата-анасы үшін де өте маңызды. Өйткені кішкене балақайларды күнделікті әке-шешесі мектепке алып келіп, алып кетеді. Олардың қауіпсіз жол қозғаласы туралы мәліметтерді алғаны өте дұрыс. Келешекте де осы дәстүр білім ордамызда жалғаса береді деп сенемін, - дейді Ы.Алтынсарин атындағы №39 мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Еркежан Қажымұқан.
Өскемен қалалық полиция басқармасы полиция батальонының инспекторы балаларға жол қауіпсіздігін білудің маңыздылығы туралы айтып берді. Балақайлар инспектордың сұрақтарына жауап беріп, белсенділік танытты. Ал «Казцинк» компаниясының атынан балақайларға естелікке білезік сыйға тартылды.
- Бірлескен сабақ балаларға қауіпсіз маршрутты есте сақтауға көмектеседі, ал ересектерге баланы қолдаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Парақшаның форматы оны мектеп күнделігіне оңай орналастыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер де алынған материалдарды жұмыста қолдана алатынына сенімдімін, - деді ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышова.
Брошюралар мектептерге тарату үшін облыстық білім басқармасына жіберіледі.
Айна Есенқызы