KZ
Өскемен
-22°
плотный туман Штиль
528.52 539.14 5.17

Тарбағатай ауданындағы мега жобалар мен даму перспективалары

pixabay.com

27.12.2024, 10:25 387 Төлеуғазы Жансая

Тарбағатай ауданының әлеуеті өте жоғары және болашақта көптеген мега жобалардың жүзеге асырылуы жоспарлануда. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ақжар ауылына орталық жылу қазандығының және жылу жүйелерінің құрылысына жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде. Қазіргі таңда екі жоба мемлекеттік сараптамаға енгізіліп, оның нәтижелері күтілуде. Шамамен, бұл жоба бойынша жылу жүйелерінің ұзындығы 8000 метр, қуаттылығы 11,5 Гкал/сағ болады. Қазандық құрылысына 587,0 млн теңге, ал жылу трассасына 1,2 млрд теңге қаражат қажет. Бұл қазандық іске қосылған кезде Ақжар ауылындағы 27 әлеуметтік нысан және 15 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Ақжар ауылына иппотерапия орталығын, яғни атпен емдеу тәсілін енгізу жоспары бар. Қазіргі таңда жоба талқыланып, оның жүзеге асырылуы үшін қаржыландыру көздері анықталуда. Бұл орталық ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және емдеудің заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.

Президенттің тікелей тапсырмасымен Зайсан – Тарбағатай аудандары ортасындағы Сатпай ауылының маңына әуежай салу жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл әуежай аймақаралық байланыстарды жақсартып, экономикалық дамуға серпін береді. Әуежай құрылысы халықтың сапарларына қолайлы жағдай жасайды және туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Зайсан көліне түсетін су жолы порты мен Майқапшағай – Тұғыл ауылы аралығындағы теміржол құрылысы да маңызды жобалардың бірі болып табылады. Бұл теміржол ауылдық аймақтардың логистикасын жақсартып, экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

Тарбағатай ауданында жүзеге асырылатын ең үлкен жобалардың бірі – «Қызылқайың» кен орны. Бұл жерде 2018-2026 жылдары барлау жұмыстары жүргізілуде. Кен қоры расталған жағдайда, 2027-2028 жылдарға қарай жобалау және инфрақұрылым жұмыстары басталмақ. 2028 жылға қарай комбинаттың құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде, және өндіріс толық қуатына қосылған соң 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Бентонит кен орнында қазіргі күні 70 адам жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорынның негізгі инвесторы былтыр ауысқан болатын, және жаңа инвестордың үлкен жоспарлары бар. Болашақта кен орны кеңейіп, жұмыспен қамтылған адамдардың саны артатын болады.

Сонымен қатар, ауданымызда табиғи газ қорының болжамды мөлшері анықталуда. Бұл болашақта ауданның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды фактор болып табылады.

Ет комбинатын салу жобасы да қарастырылуда, және әлеуетті инвесторлар іздестірілуде. Бұл комбинат ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттауға мүмкіндік береді, сонымен қатар жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Ресей – Қытай мультимодальді транзиттік дәлізінің іске қосылуы, әуе, су және теміржол қатынастарының дамуы, Омбы – Майқапшағай автокөлік жолының толыққанды іске қосылуы ауданның логистикасын айтарлықтай жақсарта түседі. Бұл жобалар іске асқан кезде, Тарбағатай ауданы қайнаған тіршілік ортасына айналады. Бұл біздің басты мақсатымыз.

Тарбағатай ауданының даму перспективалары жоғары. Қолға алынған және жоспарланған мега жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына үлкен үлес қосады. Ауданымыз тоғыз жолдың торабындағы, логистикасы дамыған, қарқынды дамыған аймаққа айналатынына сенім мол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу