Тарбағатай ауданы: жаңа жобалар мен инвестициялар арқылы серпінді даму
Тарбағатай ауданы бүгінде экономикалық дамудың жаңа белестерін бағындыруға бет алған өңірлердің қатарында. Жоспарланған ірі жобалар мен инвестициялар жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, аймақ экономикасына тың серпін бермек. Бұл туралы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан басшысының айтуынша, Ақжар ауылында орталық жылу қазандығы мен жылу желілерін салу басты басымдықтардың бірі болып отыр. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоспар бойынша, ұзындығы 8000 метр жылу желілері мен қуаты 11,5 Гкал/сағ (13500 кВА) болатын қазандық салынбақ. Жаңа инфрақұрылым іске қосылғаннан кейін, 27 әлеуметтік нысан мен 15 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады.
Ақжар ауылында ерекше жоба – иппотерапия орталығын ашу да талқылануда. Бұл орталық атпен емдеу әдісін пайдаланып, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдауды жақсартады. Әкімнің айтуынша, жоба қаржыландыру көздерін анықтауды талап еткенімен, ерекше қызығушылық тудыруда және ауданның әлеуетін арттыруға бағытталған.
Ауданның дамуына ерекше ықпал ететін ірі жоба – заманауи әуежайдың салынуы. Бұл нысан Тарбағатай мен Зайсан аудандарын байланыстырып қана қоймай, Зайсандағы су көлігі порты мен Майқапшағай-Тұғыл теміржол желісіне де қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Ресей-Қытай мультимодальды транзиттік дәлізін дамыту да ауданның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін арттырады. Омбы-Майқапшағай жолының толық іске қосылуы, жаңа балық және ет өңдеу зауыттарының ашылуы және кен орындарының игерілуі жергілікті экономикаға мультипликативті әсер бермек.
Ауданда пайдалы қазбаларға бай кен орындарын барлау жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Қызылқайың» кен орнында 2018-2026 жылдарға жоспарланған зерттеулер жалғасуда. Егер қорлар расталса, 2027-2028 жылдары кен комбинатының құрылысы басталып, толық қуаттылықта жұмыс істегенде 1500 адамға дейін жұмыспен қамтылмақ.
Бентонит кен орнында да даму қарқыны байқалады: жаңа инвесторлардың келуімен жұмыс орындары көбейіп, өндіріс көлемі арта түсуде. Табиғи газ қорының мүмкіндіктерін зерттеу жұмыстары да аудан экономикасына жаңа тыныс береді деген үміт бар.
Аудан экономикасының тағы бір маңызды бағыты – мал шаруашылығы. Бұл салада ет өңдеу комбинатын салуға инвесторларды тарту белсенді жүргізілуде. Комбинат іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өнімділік артады.
Ірі жобалардың іске асырылуы ауданның өмір сапасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға, және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тарбағатай ауданының басшылығы мен тұрғындары болашаққа нық қадам басып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік деңгейін көтеруге белсенді кірісуде. Құрылыс жұмыстары, заманауи технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды іске асыру ауданның дамуын жеделдетіп, оның тұрғындары үшін жаңа перспективалар ашады.