Аңызға айналған жеңіл атлеттер Астанаға келеді
2025 жылғы жеңіл атлетика маусымының алғашқы кезеңі – World Athletics Indoor Tour Gold жарысы 25 қаңтарда Астанада өтеді. Бұл турнир Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes атауымен ұйымдастырылады. Жарыс жайлы ақпаратты ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова жария етті,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарысқа әлемдік деңгейдегі жеңіл атлетика жұлдыздары қатысады. Олардың қатарында Ямайканың атақты спортшысы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Кишан Томпсон да бар. Томпсон Астанада жабық кешендегі жарыстарда алғаш рет өнер көрсетіп, 60 метрге жүгіруде бақ сынайды.
2024 жылы Париждегі Олимпиадада ол 100 метр қашықтықты 9,79 секундта жүгіріп өтіп, америкалық Ноа Лайлспен тартыста күміс жүлдеге ие болды. Астанадағы 60 метрлік жарыста оның қарсыластарының бірі – Токио Олимпиадасының 200 метрлік қашықтықтағы чемпионы, канадалық Андре Де Грасс. Өткен жылы Астанада өткен жарыста Де Грасс 6,66 секунд нәтижемен алтыншы орын алған еді.
Жарысқа жеңіл атлетика әлемінің басқа да танымал спортшылары қатысады.
Халықаралық турнирге дайындық ретінде 17-19 қаңтар аралығында Астанада “Qazaqstan” жеңіл атлетика кешенінде (Тұран даңғылы, 59) жабық кешендегі Қазақстан Кубогы өтеді.
Федерация президенті Ольга Рыпакова Кубокқа еліміздің барлық өңірлерінен спортшылар қатысатынын атап өтті. Жанкүйерлер жарысқа қатысып, өз атлеттерін қолдау мүмкіндігіне ие болады.