Өскеменнің "қара маржандары" Бразилияда бірінші-екінші келді
«Altay Athletics» клубының спортшылары Бразилияның Браганса-Паулиста қаласында өткен халықаралық жарыстың жүлдегерлері атанды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Grande Premio Brasil de Atletismo-2019» деп аталатын байрақты бәсеке IAAF-тың (Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы) World Challenge сериясына енетінін айту керек.
Аталмыш жарыста бүгінде шығысқазақстандық «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубында өнер көрсететін отандастырымыз, экс-кениялық желаяқтар Дэйзи Джипкемей мен Нора Джеруто да бақ сынады. Біздің спортшылар жарыс аясында ұйымдастырылған үш мың метрге жүгіру сайысына қатысып, нәтижесінде алғашқы екі орынға ие болды. Дәлірек айтсақ, сайыс жеңімпазы Дэйзи Джипкемей аталмыш қашықтықты 8 минут 52,16 секундта жүгіріп өтсе, мәре сызығын екінші болып кескен Нора Джеруто 8 минут 53,3 секундқа тең нәтиже көрсетті.
Бұл Джипкемей мен Джерутоның жаңа маусымдағы алғашқы жүлделері екенін айтқан жөн.