«Altay Athletics» клубының спортшысы үздік нәтиже көрсетті
Фото: olympic.kz
Астанада жеңіл атлетикадан World Indoor Tour Astana Indoor Meet халықаралық турнирі мәресіне жетті.
Аталған сында жерлесіміз Надежда Дубовицкая да өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан табыла білді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Шығысқазақстандық «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының белді мүшесі қыздар арасындағы биіктікке секіру сайысында күміс медаль жеңіп алды. Осылайша, жерлесіміз жарысқа қатысқан отандастарымыздың арасынан ең үздік нәтиже көрсеткен спортшы атанды.
Айта кетейік, турнирде бақ сынаған «Altay Athletics» клубының тағы бір өкілі Давид Ефремов Қазақстан рекордын жаңартты. Ефремов кедергілері бар 60 метрлік қашықтықты 7,59 секундта жүгіріп өткен.
Бұған дейінгі елдің ең үздік көрсеткіші 7,62 секундқа тең болған. Финалда қазақстандық атлет төртінші орынға табан тіреді.
Астанадағы турнирге әлемнің 45 мемлекетінен келген 136 спортшы қатысқанын айту керек. Арасында Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары да болды.