Президент тапсырмасы: ШҚО-да стратегиялық міндеттерді іске асыру жолдары талқыланды
Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында аймақтық іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл құжат Үкіметтің кеңейтілген отырысында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Жиын облыс әкімі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өтіп, оған аудан және қала әкімдері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары қатысты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақтың даму бағыты экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, агроөнеркәсіпті қолдау және әлеуметтік бағдарламаларды қамтиды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, туризмді өркендету басты басымдықтар ретінде қарастырылған. Сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту, сирек кездесетін металдарды өндіру, тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу және өндіріс қуатын арттыру мәселелері де назарда.
Өңір экономикасының негізгі бөлігі өнеркәсіпке жатады. Республикалық бюджеттен келетін қаржы мөлшері басым. Жергілікті салық табысын арттыру үшін шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қолға алынды. Өңірлік жоба кеңсесі құрылып, барлық қала мен аудандар бойынша экономикалық өсу нүктелерінің бес жылдық жоспары және ауылдық округтер бойынша жол карталары бекітілді.
Цифрландыру өңір дамуының маңызды бөлігі ретінде қарастырылып, жасанды интеллектті енгізу, инновациялық IT-хаб құру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары күшейтілуде. Серікбаев атындағы ШҚТУ жанынан ашылған Жасанды интеллект құзыреттілік орталығы өңірдің технологиялық әлеуетін арттыруға серпін бермек.
Өскемендегі онкологиялық орталық медициналық туризмді дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Орталықтың қызмет сапасы, заманауи палаталар және жоғары деңгейлі сервис шетелдік пациенттердің қызығушылығын арттыруда. Бұл толыққанды медициналық туризм хабын құруға мүмкіндік ашып отыр.
Туризм саласында Риддер мен Алтай аудандары инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналуда. Туристік инфрақұрылымды дамыту, заманауи демалыс орындарын салу және танымал нысандардың санитарлық жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамаларды қолдау мақсатында «ШҚО-ның үздік туристік-рекреациялық аймағы» байқауы ұйымдастырылды.
Облыс әкімі тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу және өндіріс қуатын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Энергетика саласында Бұқтырма мен Тұрғысын өзендерінде су электр станцияларын салу жоспарланып, бұл жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ықпал етпек. Көлік инфрақұрылымын жақсарту аясында Өскеменде айналма жол салу, Ертіс пен Үлбі өзендеріне көпірлер тұрғызу, автожолдарды жаңарту, трамвай паркін жаңғырту және жаңа өзен портын ашу мәселелері қарастырылуда.
Өңірде білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жаңа мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысы жүргізілуде. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында ауа сапасын бақылау, су ресурстарын қорғау және жасыл аймақтарды кеңейту бойынша кешенді жобалар жүзеге асырылуда.
Жансая Төлеуғазы