Зайсан ауданы: экономикалық даму және болашаққа жоспар
Фото: pexels.com
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жаңа тетіктерді қарастыру қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта өңірлердің, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының экономикасын қайта құру маңызды. Өңір экономикасының құрылымы, даму ерекшеліктері мен әлеуеті зерделеніп, айқын жоспарлар жасалуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан экономикасы біртіндеп даму үстінде. Аймақтың басты ерекшелігі – оның өнеркәсіп саласындағы үлесі айтарлықтай жоғары. Экономиканың шамамен 40%-ы өнеркәсіпке тиесілі болса, халықтың күнделікті табысын қамтамасыз ететін және жұмыспен қамтитын сауда саласының үлесі бар болғаны 13%-ды құрайды.
Салыстырып айтсақ, Алматы қаласында сауданың экономикадағы үлесі 30%, ал өнеркәсіп тек 5% ғана. Алматы республикалық бюджеттің негізгі донорларының бірі болғандықтан, бұл қаланың үлгісі бізге өңірлік экономиканы әртараптандырудың маңыздылығын көрсетеді. Шығыс Қазақстан сияқты бай өлкелер, өкінішке қарай, өзін-өзі толық қамтамасыз ете алмай, дотацияға тәуелді болып отыр.
Зайсан ауданы облыс экономикасына белгілі бір деңгейде үлес қосып отыр. Ауданда құрылыс жұмыстарының 7,9%-ы (19,1 млрд. теңге), ауыл шаруашылығы өнімінің 6,2%-ы (18 млрд. теңге), жеке инвестициялардың 5,4%-ы (17,7 млрд. теңге), тұрғын үйді пайдалануға берудің 3,1%-ы (6340 шаршы метр) шоғырланған.
Дегенмен, шағын бизнес, бөлшек тауар айналымы мен өнеркәсіп үлесі ауданның даму әлеуетіне сай келмей отыр. Жұмыс істеп тұрған шағын бизнес кәсіпорындарының үлесі 1,9%-ды (170 кәсіпорын), бөлшек тауар айналымы 1,3%-ды (11,1 млрд. теңге), ал өнеркәсіп небәрі 0,3%-ды (5,3 млрд. теңге) құрайды.
Мұндай жағдайдың қалыптасуы жүйелі әрі үйлесімді жұмыстың болмауынан немесе қандай бағытта даму керектігін дұрыс түсінбеуден туындауы мүмкін. Қазір бұл мәселелер анықталып, нақты шешу жолдары қарастырылуда.
Зайсан ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспары ауқымды әрі стратегиялық маңызды. Мемлекет басшысының экономика өсімін 2029 жылға қарай 2 есеге арттыру туралы тапсырмасын орындау үшін жыл сайын кемінде 6-7% өсімге қол жеткізу қажет. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған.
Ауданның даму жоспарына сәйкес жалпы 46,9 млрд теңге бюджет қаражаты, 249,3 млрд теңге жеке инвестициялар тарту көзделген. Арақатынасы бойынша, 1 теңге бюджет қаражатына 5,3 теңге жеке инвестиция құйылады. Бұл – экономикалық серпіліс үшін негізгі талаптардың бірі.
Экономиканы көтерудің нақты жолдары тұрғындардың еңбекқорлығы мен жеке секторды дамытуға тікелей байланысты. Нақты сектор – бұл күнделікті өміріміздің барлық саласы. Мысалы, трактор алып, жер жыртқан адам жанармай жұмсап, уақытын сарп етеді, алайда оның нәтижесінде өнім алып, еңбегінің жемісін көреді.
Аудандағы әрбір қала мен ауыл бойынша экономикалық өсім резервтері анықталып, нақты секторды қолдау жолдары қарастырылуда. Бұл – ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, құрылыс, өнеркәсіп сияқты салаларды қолдауды қамтитын ауқымды шаралар кешені.
Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызына облыстық басқармалармен бірлесіп, ауданды дамыту жөніндегі жоспардың іс-шараларын сапалы әрі уақтылы орындау тапсырылып отыр. Әкімдік пен басқармалар арасында тығыз үйлесімділік пен өзара іс-қимыл арқылы ауданды дамытуға бағытталған шаралар жүзеге аспақ.
Зайсан ауданының әлеуеті жоғары, оны тиімді пайдалану үшін нақты қадамдар жасалуда. Экономиканың барлық саласында өсімге қол жеткізу, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және өңірді өз шығынын өзі жабатын деңгейге жеткізу – негізгі міндеттердің бірі.
Мемлекет басшысының тапсырмалары мен айқын жоспарлар ауданның болашақта серпінді дамуының кепілі болмақ. Инвестиция тарту, шағын бизнесті дамыту және нақты секторды қолдау арқылы Зайсан ауданы облыс экономикасының маңызды тіректерінің біріне айналары сөзсіз.