ШҚО-ның Самар ауданында жолдарды қардан тазалау жұмысы қарқынды жүріп жатыр
Биыл Самар ауданында қардан тазарту жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Жолдар қардан толықтай тазартылып, жаяу жүргіншілер жолдары уақтылы ретке келтірілуде. Арнайы техника жұмылдырылып, көшелер мен жолдар мұқият тазаланып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл алғаш рет жолдар қардан және ойықтардан толық тазартылып, жаяу жүргіншілер жолдары уақытылы ретке келтірілді. Сондай-ақ қар елді мекен аумағынан тыс жерге уақтылы шығарылуда. «ДСУ-14» мердігерлік ұйымымен бірлесіп, аудандық маңызы бар жолдарды тазарту бойынша нақты алгоритм жасалды. Тазалау техникалары таңертеңнен бастап жұмысқа кіріседі.
Жергілікті тұрғындар да биылғы қысқы жол күтіміндегі оң өзгерістерді байқаған.
Аудан әкімдігі қысқы жол күтімін жақсарту мақсатында жолдарды күтіп-ұстау бойынша үш жылдық келісімшарт жасауды жоспарлап отыр. Бұл мердігер ұйымның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қосымша техника сатып алуға мүмкіндік бермек.
Ержан Әбіш