KZ
Өскемен
+8°
переменная облачность жел 3 м/с, СБ
504.44 545.65 5.95

Сібе көлдеріндегі заңсыз қоршаулар тексеріледі

27.03.2025, 20:00 200 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы заң бұзушылықтармен күрес нәтижелері мен оларды болдырмау жоспарлары Өскеменде өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында өңірдегі туристік қызметтердегі тәуекелдер қарастырылды. Бүгінгі таңда облыста туризмнің үш негізгі бағыты – жағажайлық, тау-шаңғы және экотуризм дамып келеді. Өңірде 368 орналастыру орны, 21 туристік маршрут және 42 лицензияланған туроператор компания жұмыс істейді.
Соңғы бес жылда туризмді дамытуға 1,3 миллиард теңге бөлінген. Алайда талдау нәтижелері қаражаттың әрдайым мақсатты түрде жұмсалмағанын көрсетті. Мысалы, 2024 жылы облыстық кәсіпкерлік басқармасы 437 миллион теңгеден астам қаржыны демалыс базасын салуға кеткен шығынды өтеу үшін мақұлдаған. Алайда бұл нысан жаңа туробъект ретінде тіркелмеген және үш жыл бұрын жұмысын бастағаны анықталды.
Туристік іс-шараларды ұйымдастыру, операторларды лицензиялау және туристік нысандарға заңсыз шектеулер қою сияқты басқа да мәселелер орын алып отыр. Соның ішінде, Сібе көлдерінің біріндегі демалыс базасы заңсыз түрде жағалау аумағын қоршап, ақылы кіру тәртібін енгізгені анықталды.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов туристік қызмет көрсетушілерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, олардың есептілік формасын жетілдіріп, атқарылған жұмыстар туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін қатаң талаптар енгізу қажет екенін айтты.
Әкім Сібе көлдеріне қол жеткізуді заңсыз шектеу мәселесіне ерекше тоқталды.

– Ұлан ауданының әкімдігіне Сібе көлдерінің жағалау аймағының жер заңнамасы талаптарына сәйкестігін тексеру шараларын ұйымдастыруды тапсырамын. Егер заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылдау үшін құжаттарды уәкілетті органдарға жолдау қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Елизавета Седых

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу